
Қазақстандағы ең ірі теміржол машина жасау кластері болып табылатын Railways Systems KZ (RWS) арнайы мақсаттағы төмен легирленген және конструкциялық болаттар шығаратын кәсіпорын салады. Тиісті меморандумға «Railways Systems KZ» ЖШС Бас директоры Роман Сергеевич Павлингер және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерим Жанбиртайқызы Кабылтаева қол қойды.
Болашақ зауыт Екібастұз қаласында 100 гектар аумақта орналасатын болады. Жоба меншікті және қарыз қаражаты есебінен іске асырылуда, инвестициялардың жалпы көлемі – 208 млрд теңге. Кәсіпорында олар 1000-нан астам жұмыс орнын құруға және заманауи технологиялық процестерді енгізуге ниетті. «Rail Way Steel» ЖШС жаңа өндірістік алаңын Мақсат Аптижапбарұлы Канатбаев басқарады. Зауытты өнеркәсіптік пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған.
«Кәсіпорын Екібастұздың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтеді: жаңа жұмыс орындары пайда болады, ішкі нарық өз өндірісінің жоғары сапалы өнімдерімен қанықтырылады, бұл шетелдік жеткізушілерге тәуелділікті азайтады. Зауыттың бастапқыда жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттарды ескере отырып жобалануы да өте маңызды», – деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Жанбиртайқызы Қабылтаева.
«Rail Way Steel» өндірістік қуаты жылына 1 000 000 тонна болатты құрайды. Кәсіпорын RWS, сондай-ақ қазақстандық тұтас таптамалы доңғалақтар мен теміржол рельстерін өндірушілерді металл өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, жоғары
технологиялық металлургиялық өнімнің 40% – дейін ТМД және ЕО елдеріне экспортқа бағдарлау жоспарлануда. Жоба электрометаллургия саласындағы ірі еуропалық инжинирингтік компаниямен бірлесіп іске асырылатын болады.
«Сапалы болат дайындамалар мен сұрыптық илемдеуге деген қажеттілік бізде ғана емес, сонымен қатар құрылыс, машина жасау, цемент және энергетика салаларынан өндірушілердің кең ауқымы бар. Біз Қазақстан ішінде де, одан тыс жерлерде де сұранысты көріп отырмыз, сондықтан «Rail Way Steel» құру қисынды қадам болды. Біз мемлекеттің жаңа ауқымды жоспарларды іске асырудағы қолдауын жоғары бағалаймыз, – деді Railways Systems KZ бас директоры Роман Сергеевич Павлингер. – Меншікті болат өндірісі RWS қуатын арттырады және процестерді жылдам әрі тиімді етеді. Озық технологиялардың көмегімен біз балқыту, тазарту және легирлеу процесін әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 20% – ға дейін және Қазақстандағы көрсеткіштермен салыстырғанда 50% – ға дейін жеделдетеміз деп күтеміз. Осының арқасында біз энергия тұтынуды кем дегенде жартысына дейін азайта аламыз. Біз илемдеу өндірісінде де инновацияларды қолданамыз: илемдеу жылдамдығын 30% – ға дейін арттыру, сондай-ақ аралас өндіріс».




