Екінші халықаралық RWS RUN жартылай марафоны Екібастұзда өтеді

18.05.2026

info

Бірнеше жыл бұрын өнеркәсіптік Екібастұзда халықаралық жартылай марафон өтеді деп елестетудің өзі мүмкін еместей көрінетін. Алайда бүгінде жоба үздік деп танылып, Capital Health форумының Гран-при жүлдесіне ие болды. Қала екінші жыл қатарынан жүгіру мен бұқаралық спорт әуесқойларының бас қосатын орталығына айналады.

6-7 маусымда Екібастұзда қысқа уақыт ішінде еліміздегі ең көп талқыланған өңірлік спорттық іс-шаралардың біріне айналған Ekibastuz Half Marathon өтеді. Еске сала кетейік, өткен жылы жарыс трассасы IAAF/AIMS халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығының ресми сертификатына ие болды.

Биыл ұйымдастырушылар жобаны одан әрі отбасылық әрі бұқаралық форматта өткізуді жоспарлап отыр. Бағдарламада алғаш рет балалар жарысы өтеді, ал старттық қалашық Екібастұз тұрғындары мен қонақтарына арналған толыққанды фестиваль алаңына айналады.

Ұйымдастырушылар жартылай марафонның «бір реттік корпоративтік акция» ретінде қабылданбауына ерекше назар аударды. Дайындық жұмыстарына еріктілер, қалалық бизнес өкілдері, спорт клубтары, медицина қызметкерлері, полиция және ондаған тұрғын қатысуда. Жарыс басталар алдында қалада тегін жаттығулар өткізіледі. Жоба қысқа уақыт ішінде спорттық іс-шара аясынан шығып, қалалық өмір салтының қалай өзгеріп келе жатқанын көрсететін әлеуметтік бастамаға айналды.

«RWS RUN Екібастұз үшін жақсы әрі игі дәстүрге айналып келеді. Жартылай марафон адамдарды біріктіріп, қалада ерекше атмосфера қалыптастырады және Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтарды жинайды. Сонымен қатар, бұл тек спортты дамытуға ғана емес, жалпы қаланың дамуына да ықпал ететіні біз үшін маңызды. Жарыс кезінде шағын және орта бизнестің белсенділігі артады. Олар іс-шараны ұйымдастыруға тікелей қатысып қана қоймай, басқа қалалардан келген қатысушылар да жергілікті кәсіпкерлердің қызметтерін пайдаланады», – деп тәжірибесімен бөлісті Railways Systems KZ холдингінің бас директоры Роман Павлингер.

2025 жылғы маусымда өткен алғашқы жарыс тіпті кәсіби спорт қауымдастығы үшін де нағыз тосынсый болды. Қалаға Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ және Чилиден 1300-ден астам қатысушы келді. Екібастұз үшін бұл жай ғана жарыс емес, тұрғындардың өз қаласына деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен оқиға болды.

Жартылай марафон Екібастұз тарихындағы AIMS/IAAF стандарттарына сәйкес халықаралық деңгейде сертификатталған алғашқы жарыс болды. Қатысушылардың нәтижелері ресми мәртебеге ие болып, оларды әлемдік марафондарға тіркелу үшін пайдалану мүмкіндігі берілді. Алайда басты нәтиже сандар мен сертификаттар емес, қалада ауқымды, заманауи, қауіпсіз әрі шынайы атмосфераға толы іс-шараларды ұйымдастыруға болатынына деген сенім болды.

Мұндай бастамалар шағын қалаларды спорттық туризмді дамыту үшін тартымды ете алады. Мұндай мысалдар әлемде де, Қазақстанда да бар. Мәселен, Zerenda Half Marathon арқасында Зеренді еліміздегі танымал жүгіру жарыстарының біріне айналып, жыл сайын әртүрлі өңірлер мен шетелден қатысушыларды тартып келеді. Көптеген елдерде дәл осындай шағын қалалар ерекше атмосферасы бар және қарқынды дамып келе жатқан жүгіру жарыстарын ұйымдастырады. Жүгіруге маманданған басылымдар тұрғындардың белсенділігі мен бірегей атмосферасының арқасында жергілікті жартылай марафондарды ең танымал жарыстар тізіміне үнемі енгізіп отырады. RWS KZ холдингі Екібастұздың бүгінде дәл осы жолмен келе жатқанына сенімді.

Қаланың өзі үшін RWS RUN қазірдің өзінде жай ғана жартылай марафоннан әлдеқайда ауқымды жобаға айналды. Бұл – өнеркәсіптік орталықтың біртіндеп белсенді өмірге, спортқа және қоғамдық бастамаларға арналған заманауи кеңістікке қалай айналып келе жатқаны туралы оқиға.

RWS RUN Астана триатлон федерациясының қолдауымен және AIMS/IAAF халықаралық стандарттарына сәйкес өткізіледі.

Қатысушыларды тіркеу 2026 жылғы 31 мамырға дейін мына сілтеме бойынша жүргізіледі: https://rwsrun.kz/ru/events/ekibastuz_half_marathon_2026/reg/